Колледж миссиясы: Жоғары кәсіптік білім беруді ұйымдастыра отырып, жұмыс берушінің, колледждің және білім алушылардың мүдделеріне сәйкес, кәсіби құзыретті, білікті маман даярлау.

Ұстаз - ұлы тұлға

Ұстаз - ұлы тұлға....Өмір деген әркім өз жолын ғұмыр бойы іздеп өтетін қиындығы мен қызығы қатар жүретін, күрделі тарам-тарам соқпақтардан тұратын үлкен мектеп. Осынау үлкен мектепте АДАМ деген үлкен атқа лайықты болу үшін білім мен тәрбие керек.


Қоғам дамуында білім берудің ең маңызды мәселе екендігі ақиқат. Қазіргі кездегі білім берудің негізгі мақсаты – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-тұлғасы бар адами-рухани құндылығы жоғары қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.


«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз»,-деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі бекер айтылмаған. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпақтың бойындағы іскерлік қабілетін ашу және шығармашылыққа баулу туындайды.


Мұғалім – жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікті талап ететін ұлы мамандық. Адам тәрбиелеу оған ғылыми негіздерінен мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету өте қиын шаруа. Бір рет отыз баламен сабақ өткізіп көрген адам ғана оны түсінеді. Мұғалім күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс жасайды.Атақты педагог- ғалым В.А. Сухомлинский: «Мұғалімдік мамандық –бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мен рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер-ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады»-деп ұстаздық өнерге ерекше баға берген.


Нағыз мұғалім деп тәрбиеленушінің ойы мен жүрегіне жол тапқан ұстазды айтамыз. Ал адам жүрегіне жол таба білу оңай шаруа емес, тек қана адами рухани құндылығы тереңдер сол жолдың ізінен адам жүре алады.


Ал шығармашыл тұлға қалыптастыру үшін оны қалыптастыратын мұғалім де шығармашыл, дарыны мен таланты ұштасқан, рухани бай болуы қажет-ақ.


Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы - осы ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісінде. Ал жаңа формация мұғалімінің ең басты талабы оның адами-рухани құндылығы. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», демекші ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Ал жас тұлғаға білім беріп, тәрбиелейтін, дамытатын, әрине –ұстаздар қауымы. Солардың бірі менің ұстазым Сариева Гүлбаршын Нұрланқызы. Сариева Гүлбаршын Нұрланқызы. 1982 жылы Ақтөбе педагогика институтының математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1982 жылы Сам орта мектебінен бастады. 1983-2007 жылдар арасында Алтынсарин орта мектебінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жалықпай еңбек етті. 2007 жылдан бастап Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінде әдіскер боп, 2009 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Гүлбаршын Нұрланқызы өз жұмысының шебері. «Ұстазы жақсының- ұстамы жақсы» демекші, шәкірттерін өз баласындай тәрбиелеп, саналарына тәрбие мен білімді қатар ұялатып жүрген аяулы ұстаздарымыздың бірі. Ол– шәкірт санасына білім нәрін құюға даяр тұратын, ұстаздық пен ана міндетін қатар атқарып жүрген жан.


Г.Нұрланқызы қай іске болмасын өзінің білімділігімен, біліктілігімен, мәдениеттілігімен, парасаттылығымен, ізденімпаздылығымен, шығармашылық қабілетінің жоғарылығымен дараланған ұстаз. Г.Нұрланқызын ақ жаулықты ана, ұлағаты мол ұстаз ретінде мақтан тұтамыз. Отбасында адал жар, 5 перзентіне ардақты ана, кішкентай 4 немере, 1 жиеніне салихалы әже, шәкірттеріне сүйікті ұстаз.